Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған, 1984 жылы туған ер адам ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады мегаполис полициясының баспасөз қызметі.
"Алдын ала мәлімет бойынша, сатылған билеттер саны концерт өтетін орынның рұқсат етілген сыйымдылығынан айтарлықтай асып кеткен. Бұл жиналған халық санының шектен тыс көп болуына әкеліп, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндірді.
Салдарынан 18 жастағы бойжеткен тапталып қалып, жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан адамдардың қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қайтыс болғандар жоқ.
Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Полиция азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салады.
Айта кетейік, кеше, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Қайрат Нұртастың концерті өткен болатын. Аталған шараға жиналған халық саны тым көп болып, халық кептеліп қалған. Салдарынан 18 жастағы бойжеткен зардап шеккенін жазған едік. Ведомство оның жағдайы ауыр екенін хабарлады. Артынша аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Сонымен бірге әлеуметтік желілерде концерт кезінде көптеген адам зардап шегіп, бірнеше азамат қайтыс болды деген ақпарат тараған. Алайда Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл мәліметтерді жоққа шығарып, ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Источник: Nur.kz · Айтолқын Адырбай

