Абай облысында сотталған 33 жастағы филиппиндік әйел әйелдер колониясынан амнистиямен босатылды, енді ол отанына оралады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірлік ҚАЖД-ға сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, шетел азаматы ұрлық жасағаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Сотталған әйел жазасын Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясында өтеп жатқан. Мекемеде болған уақытында ол тәртіпті сақтап қана қоймай, уақытын жаңа білім мен дағдыларды игеруге арнады. Сотталған әйел мекеме жанындағы колледжде тігіншілік мамандығын меңгеріп, қазақ тілін үйренді.
Ол колония қызметкерлеріне тұрмыс құрмағанын және Қазақстанға бес жыл бұрын жұмыс істеуге келгенін айтты. Оны үйінде анасы мен сіңлісі күтіп отыр, олар осы уақыт бойы оның оралуынан үміт үзбеген.
Амнистия туралы заңға сәйкес, сотталған әйел жазаның қалған бөлігін өтеуден босатылды. Оны босату кезінде көші-қон қызметінің өкілдері күтіп алды, олар оны Қазақстан аумағынан шығарып салу рәсімін жүзеге асырады.
"Бүгін мен үшін ерекше күн. Мен өмірімді қайта бастап жатқандаймын. Бес жыл бойы жақындарымды көрмедім, қазір ең басты арманым – тезірек үйге оралып, анам мен сіңлімді құшақтау.
Отбасыма қаншама ауыртпалық әкеліп, оларды қатты уайымдатқаным үшін алаңдаймын. Қазақстанға жұмыс істеуге аттанғанда, анама жұмыс істеп, отбасымызға көмектесемін деп уәде берген едім.
Алғашқы үш жыл бәрі жақсы болды, бірақ кейін өмірім күрт өзгеріп, колонияға түсіп қалдым. Осы уақыт ішінде көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Бостандықтың, отбасының және жақындардың сенімінің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Үйге оралып, бәрін басынан бастауға мүмкіндік алғаныма ризамын.
Бәрінен бұрын анамды көріп, оны қатты құшақтап, оған бәрі жақсы болатынын айтқым келеді. Үйге оралған соң, міндетті түрде жұмыс тауып, адал еңбекпен күн көремін. Жақындарыма өзгергенімді және олардың маған артқан үмітінің ақталатынын дәлелдегім келеді", — деді сотталған әйел.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Источник: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы

