Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жас өнерпаз Sadraddin-нің шығармашылығына қолдау білдіріп, оның анасы Айгүл Есқараға хабарласқан. Әлемге танылған әнші Садраддинді аншлагпен өткен концертімен құттықтап, жылы лебізін жеткізген, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік желіде тараған жазбада Димаштың Садраддиннің концертіне өзі қатыса алмағаны, алайда оның қуанышына ортақтасып, анасына арнайы хабарласқаны айтылады.
Димаш жас әріптесінің өнердегі әр қадамын назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсетіп жүрген. Ол Садраддинге ақ жол тілеп, "Өссе – қазағымыз өссін!" деген ниетін жеткізген.
Садраддиннің анасы Айгүл Есқара да Димаштың бұл ықыласына ризашылығын білдірген. Ал түркиялық жанкүйерлердің бірі Димаштың өзге өнер иесінің жетістігіне шын көңілден қуана білетініне ерекше назар аударды.
"Әлем төбесіне көтерген, миллиондаған адам сүйсінетін өнерпаз бола тұра, басқа әншінің концертіне осылай шын көңілмен қолдау білдіріп, оның жетістігіне қуанады. Мұны сондай табиғи жасайды", – делінген жазбада.
Жанкүйер сондай-ақ Садраддиннің анасына да жылы лебіз білдіріп, жас әншінің шығармашылығын мақтан тұтып қадағалайтынын жазған. Оның пікірінше, Sadraddin-нің әндерінде тыңдарманның жүрегіне жететін шынайылық бар және ол өзіндік бағыты қалыптасқан өнерпаз.
Айта кетейік, бұған дейін Садраддин Болаттың Алматыдағы концертінде киген күміс түсті футуристік сахналық костюмі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Әсіресе киімнің кеуде тұсындағы сауытты еске түсіретін корсеті көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікірге себеп болды. Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова да әншінің образына қатысты ойын білдіріп, "Осы костюмді тігіп бергендер оңбайды, обал-ай", – деп жазған. Кейін костюмнің авторы, дизайнер Назым Қарпықова Мақпал Жүнісованың пікірін құрметпен қабылдайтынын айтып, образ арқылы Садраддинді заманауи батыр кейпінде көрсетуді мақсат еткендерін түсіндірді.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген – Қазақстанды әлемдік сахнада танытып жүрген әнші, композитор әрі мультиаспапшы. Ол 1994 жылы Ақтөбеде дүниеге келген және бес жасынан бастап сахнаға шыққан.
Өнер иесі академиялық вокалды меңгеріп, кейін эстрадалық-джаз бағытында білім алған. Оның халықаралық деңгейде кеңінен танылуына 2017 жылы Қытайдағы Singer музыкалық жобасына қатысуы үлкен серпін берді.
Димаш бүгінде түрлі елдерде жеке концерттер өткізіп, қазақ әндері мен ұлттық мәдениетті шетелдік аудиторияға танытып келеді. Оның жанкүйерлері әлемнің көптеген елінде бар және өздерін "Dears" деп атайды.
Sadraddin кім?
Sadraddin – қазақстандық әнші әрі ән авторы Садраддин Болаттың сахналық есімі. Ол 2003 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әнші бала кезінен музыкаға қызығып, бес жасынан сахнаға шыға бастаған.
Ол жасөспірім кезінде бірнеше республикалық музыкалық байқауда өнер көрсетіп, "Аялаған Астана" және "Dala Daryny" секілді жобаларда жетістікке жеткен.
Sadraddin бүгінде жастар арасында кеңінен танылған орындаушылардың бірі. Оның репертуарында лирикалық әндер басым, көптеген туындысының сөзін немесе музыкасын өзі жазады. "Aiga qarap", "Jauap bar ma?", "Taxi", "Tun" және басқа әндері тыңдарман арасында кең тараған.
Источник: Malim · Алуа Әшірбекова

