Актер Абай Асылхан Жанельмен арадағы некесінің аяқталғанын айтып, жеке өміріне қатысты тараған ақпараттарға пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі Threads парақшасында бірнеше ай бойы өзі туралы түрлі пікірлер мен жазбаларды көріп жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, сол ақпараттардың арасында шындыққа сәйкес келмейтін тұстар бар. Осыған байланысты актер өз ұстанымын жариялауды жөн көрген.
Абай Асылхан Жанель екеуінің бес жыл бірге өмір сүргенін, ажырасу туралы шешімді өзара қабылдағанын айтты.
"Бұл кезеңде қуанышты сәттер де, қиындықтар да болды. Мен үшін бұл шешім өте қиын болды. Бұл екеуіміздің бірдей шешіміміз болды, сырттан ешкім араласпады", – деп жазды ол.
Актер отбасылық мәселелерді көпшілік алдында талқылауды дұрыс санамайтынын атап өтті. Сондай-ақ Жанель туралы жария түрде пікір айтуды және жеке қарым-қатынастарының егжей-тегжейін бөлісуді қаламайтынын жеткізді.
"Оған амандық пен жақсылық тілеймін. Ол – балаларымыздың анасы, сондықтан өзара құрметті сақтауды маңызды деп санаймын", – деді Абай Асылхан.
Оның сөзінше, некеге қатысты құқықтық мәселелер қазір заң аясында шешіліп жатыр. Актер бұл үдерістің сабырмен, өзара құрметпен және артық жариялылықсыз аяқталғанын қалайтынын айтты.
Жазбасының соңында ол балаларының амандығы мен тыныштығы өзі үшін маңызды екенін атап, әкелік жауапкершілігін әрі қарай да атқара беретінін мәлімдеді.
Осыдан кейін Абай Асылхан тағы бір жазба жариялап, жеке өміріне қатысты желідегі талқылауларға тоқталды. Ол сын мен өзіне қарсы пікірлерді қалыпты қабылдайтынын, алайда болжамды нақты дерек ретінде таратуға келіспейтінін айтты.
Актердің сөзінше, соңғы уақытта түрлі пабликтер, блогерлер және өзін сарапшы ретінде таныстыратын адамдар оның отбасылық жағдайын талқылап жүр. Ол кейбір жарияланымдарда мәселе біржақты түсіндіріліп, дерек пен болжамның арасы ажыратылмайтынын мәлімдеді.
"Жеке өмірім – біреудің қаралым жинауына немесе аудиториясын көбейтуіне арналған контент емес. Адамның қоғамдық қызметі мен жеке өміріне қатысты мәселелерді талқылаудың да өз жауапкершілігі бар", – деп жазды Абай Асылхан.
Өнер иесі әлеуметтік желіде сөз таластыруды немесе әр пікірге жауап беруді мақсат етпейтінін жеткізді. Дегенмен өзі туралы жарияланатын ақпараттың нақты деректерге сүйеніп берілуін маңызды санайтынын атап өтті.
Сондай-ақ актер құқықтарына нұқсан келтіретін жарияланымдар болса, мәселені заң аясында қарастыруға дайын екенін білдірді.
"Мен сыннан қашпаймын. Бірақ жеке өміріме қатысты негізсіз тұжырымдардың факт ретінде ұсынылуын да қалыпты жағдай деп қабылдамаймын", – деді ол.
Жазбасының соңында Абай Асылхан әркімнің пікір білдіруге құқығы бар екенін, сонымен бірге әр адам өз сөзі мен таратқан ақпараты үшін жауапкершілік алуы керектігін айтты.
Еске салайық, бұған дейін Malim.kz Жанель Мақажанның бұрынғы күйеуіне қатысты мәлімдемесін жариялаған еді. Актриса Абай Асылханның үш айдан астам уақыт бойы қыздарына материалдық та, моральдық та қолдау көрсетпегенін айтқан. Оның сөзінше, бөлек тұра бастаған кезде актер күтуші, балабақша, тамақ пен киім-кешек шығындарын көтеруге уәде бергенімен, бұл уәдесін орындамаған. Жанель мәселені заң аясында шешу үшін адвокат іздеп жүргенін де мәлімдеген.
Абай Асылхан кім?
Абай Асылхан, шығармашылық ортада Абай Асылханұлы есімімен де белгілі, – қазақстандық актер. Ол "Аппақ келін" веб-сериалына түскен. "Бродвей" кинопорталында бұл жоба оның фильмографиясында көрсетілген.
Абай – актриса Жанель Мақажанның бұрынғы жұбайы. Өзі жариялаған жазбада олардың бес жыл бірге өмір сүргенін және ажырасу туралы шешімді өзара қабылдағанын айтты. Ол балаларының алдындағы әкелік жауапкершілігін әрі қарай да атқара беретінін жеткізді.
Источник: Malim · Алуа Әшірбекова

