Танымал әнші Әли Оқаповтың отбасылық жиында үлкендерге құрмет көрсетіп жүрген видеосы әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленді, деп хабарлайды Malim.kz.
Кадрларды өнер иесінің жары Ақерке Бүркітбай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Бейнежазбада Әли Оқаповтың үлкен кісілердің қолына су құйып, қызмет көрсетіп жүргенін көруге болады.
Ақерке Бүркітбай жұбайының бұл әрекетіне ризашылығын білдіріп, Атырау өңірінің салт-дәстүріне құрмет көрсеткенін атап өтті.
"Жап-жаңа құдамыздың сторисін осылай лентамда сақтап, жан жарыма үлкен алғыс білдіргім келіп тұр. Атыраудың салтын сақтап, маған қолдау көрсетіп, күйеубала рөлін керемет атқарып, үлкендердің батасын алып қайттық", – деп жазды ол.
Желі қолданушылары да әншінің әрекетіне оң бағасын беріп, үлкенге құрмет көрсету мен қарапайымдылықтың жақсы үлгісі екенін жазған.
Әли Оқапов кім?
Әли Тасқынұлы Оқапов – қазақстандық әнші, биші әрі шығармашылық саласында еңбек етіп жүрген өнер иесі. Ол 1991 жылғы 22 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Әли – Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен музыкант, дирижер Тасқын Оқаповтың ұлы.
Өнерге бала кезінен жақын болған ол Күләш Бәйсейітова атындағы музыка мектебінде фортепиано сыныбында білім алған. Кейін әншілікпен қатар би өнерімен де айналысып, "Жұлдыздар фабрикасы" жобасының финалистерінің бірі болды.
2020 жылы Әли Оқапов әнші Ақерке Бүркітбаймен шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылардың Зейін есімді ұлы бар.
Источник: Malim · Алуа Әшірбекова

