«Ұнамаса, жұмыс істемеймін»: блогер Сұлтан Мағжан зумерлердің миллениалдардан артық екенін айтты

09.10.2026 13:09 · Персонально

«Ұнамаса, жұмыс істемеймін»: блогер Сұлтан Мағжан зумерлердің миллениалдардан артық екенін айтты

Танымал TikTok блогері Сұлтан Мағжан қазіргі жастардың қабілеті мен еңбекке деген көзқарасы туралы пікір білдірді. Ол зумерлердің алдыңғы буыннан бірқатар артықшылығы бар екенін айтып, олардың әлеуметтік желідегі белсенділігі мен жұмыс таңдау еркіндігіне тоқталды, деп Malim.kz тілшісі Qazaqstan телеарнасының "Қазір айтайық" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бағдарлама барысында блогер зумерлерді ақпаратты жылдам қабылдайтын, жан-жақты әрі жаңа идеяларға бай ұрпақ деп сипаттады. Оның пікірінше, қазіргі жастар әлеуметтік желіге арналған контент жасауда миллениалдардан әлдеқайда алда.

"Зумерлер өте күшті ұрпақ деп ойлаймын. Себебі біз ақпаратты тез қабылдаймыз, жан-жақтымыз. Мысалы, мен TikTok түсіремін. Сіздер де түсіресіздер, бірақ зумерлер оны күштірек түсіреді. Біздің идеяларымыз мықты. Қазіргі контентті миллениалдар біз сияқты жақсы түсіре алмайды деп ойлаймын", – деді Сұлтан Мағжан.

Блогердің айтуынша, бүгінде TikTok пен Instagram желілеріндегі ең танымал контент авторларының басым бөлігі – зумерлер. Ол миллениалдар арасында да блогерлер бар екенін, алайда олардың танымалдылығы жастармен салыстырғанда төмен деп есептейтінін жеткізді.

Жүргізуші оның бұл сөзіне таңғалып, "Не деген сенімділік!" деп жауап берді.

Әңгіме барысында зумерлердің жұмысқа деген көзқарасы да талқыланды. Жүргізуші жастардың бір орында ұзақ тұрақтамайтыны, жұмысты жиі ауыстыратыны және тұрақтылықтан гөрі еркіндікті жоғары қоятыны туралы пікірге көзқарасын сұрады.

Сұлтан Мағжан мұндай тұжырыммен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, зумерлердің энергиясы мол және кез келген жаңа жұмысты тез меңгеруге қабілетті.

"Келіспеймін. Себебі зумерлердің энергиясы көп. Біз жаспыз, ақпаратты тез қабылдаймыз. Кез келген жұмысты істей аламыз", – деді ол.

Алайда жүргізушінің жұмысқа орналасқанда қандай талап қоятыны туралы сұрағына блогер өзіне қолайлы кесте мен жағдайды бірінші орынға қоятынын жеткізді.

"Маған жұмыстың шарттарын, кестесін айтады. Ұнаса барамын, ұнамаса бармаймын", – деді Сұлтан.

Жүргізуші жұмыс істеу қажеттігін және ақша табудың маңызын еске салғанда да блогер өз ұстанымынан қайтпады.

"Ақша керек болып тұр маған? Мәселе ақшада емес қой", – деп жауап берді ол.

Ал жүргізушінің "Сонда өзіңізге ұнаса ғана жұмыс істейсіз бе?" деген сұрағына Сұлтан қысқа ғана "Иә" деп жауап берді.

Зумерлер мен миллениалдар кімдер?

Зумерлер – шамамен 1997–2012 жылдар аралығында дүниеге келген Z ұрпағының өкілдері. Олар интернет, смартфон және әлеуметтік желілер кең тараған кезеңде өсті. Бұл буын цифрлық технологияларды күнделікті өмірде белсенді қолдануымен ерекшеленеді. Зумерлер туралы зерттеулерде олардың жеке еркіндікке, өзін-өзі дамытуға және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікке мән беретіні жиі айтылады.

Миллениалдар – шамамен 1981-1996 жылдары туған Y ұрпағының өкілдері. Олар интернет пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуын бастан өткерген буын саналады. Миллениалдар дәстүрлі өмір салтынан цифрлық қоғамға өту кезеңінде қалыптасты.

Екі ұрпақтың айырмашылығы көбіне технологияны пайдалану ерекшеліктері, еңбекке көзқарасы және өмірлік құндылықтары арқылы түсіндіріледі. Дегенмен адамның қабілеті, еңбекқорлығы немесе шығармашылығы тек қай ұрпаққа жататынына байланысты емес.

Айта кетейік, ұрпақтардың туған жылдарына қатысты шекаралар зерттеу ұйымдарына қарай аздап өзгеруі мүмкін.

Источник: Malim · Алуа Әшірбекова