«15 мың теңге маған керек емес»: Әсел Асқар бұрынғы күйеуінен неге алимент алмағанын айтты

13.10.2026 16:20 · Персонально

Қазақстандық актриса Әсел Асқар бұрынғы күйеуімен қарым-қатынасы және ұлының туған әкесімен байланысы туралы ашық айтты. Ол алимент алудан не себепті бас тартқанын, баласының әкесімен неліктен кездеспейтінін және болашақта олардың араласуына қалай қарайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әсел Асқар Instagram парақшасындағы стористерінде жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін жайттармен бөлісті. Блогер ұлымен отбасылық қарым-қатынас, әсіресе оның туған әкесі туралы ашық сөйлесетінін жеткізді.

Айтуынша, бірінші күйеуі баласының өсіп-жетілуіне және тәрбиесіне қатыспайды. Әкесі мен баласы бір-бірін көрмегеніне он жылдан асқан.

"Ұлым екеуміз қарым-қатынас туралы сөйлескенде бір-бірімізден ештеңе жасырмаймыз. Оның әкесі, яғни менің бірінші бұрынғы күйеуім, баласының өміріне де, тұлға болып қалыптасуына да араласпайды. Мен әкесі бір күні ұлым өзі іздеп келеді деп күтіп жүргенін түсінемін. Шынында да, балам ертең әкесін іздейді, онымен танысқысы, сөйлескісі келеді. Өйткені екеуі 10-11 жылдан бері мүлде көріскен жоқ", – деді Әсел Асқар.

"15 мың теңгені балама қайда жеткізем?"

Блогер бұрынғы күйеуінен алимент алудан өз еркімен бас тартқанын да жасырмады. Оның айтуынша, сол кездегі алимент мөлшері небәрі 15 мың теңге болған.

Әсел бастапқыда бір жыл бойы алимент алған. Алайда баласының қосымша үйірмелері мен басқа да қажеттіліктеріне ақша сұраудан шаршаған соң, бұрынғы күйеуінің қаржылай көмегінен бас тартуды жөн көрген.

"Алименттен өзім бас тарттым. "Керек емес, рақмет, өзіңе қалдыр" дедім. Өйткені алимент мөлшері 15 мың теңге болатын. Сол 15 мың теңгені балама қайда жеткізем? Бір жыл бойы алимент алдым. Кейін Арстанның қосымша үйірмелеріне ақша сұрай беруден әбден шаршадым. Бір күні ашуланып, "Қысқасы, ештеңе бермей-ақ қой" дедім", – деп еске алды блогер.

Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі де баласының шығындарын өтеуге аса құлшыныс танытпаған.

Дегенмен Әсел алименттен заң жүзінде бас тартпағанын нақтылады. Бұл оның бұрынғы күйеуінен ақша сұрамау туралы жеке шешімі болған.

"Балаға көңілің қалаған кезде емес, үнемі көңіл бөлу керек"

Әсел Асқар бұрынғы күйеуімен соңғы рет екі жыл бұрын сөйлескенін айтты. Сол кезде ұлының әжесімен бірге Таиландқа баруы үшін әкесінің рұқсатын алу қажет болған.

Блогердің айтуынша, екеуінің әңгімесі қалыпты жағдайда өткен. Алайда бұрынғы күйеуі баласымен кездескісі келетінін білдірген.

"Ол рұқсат беріп жатқанда менен: "Баламмен кездесуіме мүмкіндік бересің бе?" деп сұрады. Мен: "Сен тек сол үшін ғана рұқсат бергің келіп отыр ма?" дедім. Ол "Жоқ" деп жауап берді. Сосын мен оған балаға травма салудың қажеті жоқ екенін түсіндірдім. Өзің қалаған кезде келіп, қалаған кезде кетуге болмайды. Бұл баланың психологиясына өте ауыр әсер етеді", – деді ол.

Әселдің пікірінше, ата-ананың баласымен анда-санда ғана кездесуі оның көңіліне қаяу түсіруі мүмкін. Сондықтан ол бала тәрбиесінде тұрақтылық пен жауапкершілік маңызды екенін атап өтті.

"Тіпті үй жануарларының өзіне белгілі бір тәртіп керек. Итті күн сайын белгілі бір уақытта серуендетіп, тамағын уақытында бересің. Ал бала туралы не айтуға болады? Сен үнемі келмейсің, тек өзіңе қажет кезде ғана пайда боласың. Балаға көңілің қалаған кезде немесе мүмкіндігің болғанда ғана емес, үнемі көңіл бөлу керек. Ол үшін уақыт та, мүмкіндік те табу қажет", – деді блогер.

"Ұлымның әкесімен кездеспеуін өзім шештім"

Әсел Асқар ұлын ешқашан әкесіне қарсы қоймағанын айтты. Алайда баласының психологиялық жағдайын ойлап, оның әкесімен әзірге кездеспегенін дұрыс деп шешкен.

Блогер мұндай шешімге баласының әкесін сағынып, кезекті кездесуін күтіп, көңілі қалмауы үшін келгенін түсіндірді.

"Мен баламды саған қарсы қоймаймын. Құдай куә, көктегі Айбарсым куә, ұлыма сен туралы жаман сөз айтпаймын, оны саған қарсы тәрбиелемеймін. Балама да бәрін ашық айттым. Әкеңмен әзірге кездеспеуіңді өзім шештім дедім. Өйткені әкеңмен тек оның өзіне ыңғайлы кезде ғана кездессең, саған ауыр тиеді. Оны сағынасың, күтесің, көргің келеді. Жаның қиналады", – деді Әсел.

Сонымен қатар ол ұлы есейген кезде әкесімен араласуына қарсы болмайтынын жеткізді.

"Ұлыма: "Өсіп, психологиялық тұрғыдан қалыптасқан кезде әкеңе бар, сөйлес, аралас" дедім", – деп түсіндірді блогер.

Әсел Асқар алименттен бас тартқаны үшін кезінде айналасындағы адамдардан түрлі ескерту естігенін де айтты. Кейбір таныстары оған алименттің баланың заңды ақшасы екенін айтып, болашақта бұрынғы күйеуі қартайғанда ұлынан материалдық көмек талап етуі мүмкін екенін ескерткен.

"Маған: "Әсел, неге алименттен бас тарттың? Бұл сенің емес, баланың ақшасы ғой. Ертең әкесі қартайғанда одан көмек талап етуі мүмкін" деді. Мен: "Оның құқығы бар" деп жауап бердім. Егер ертең ұлым әкесіне көп жақсылық жасайтын болса, мен оны тек мақтан тұтамын", – деді ол.

Блогердің пікірінше, бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілік баланың туған әкесіне деген көзқарасына әсер етпеуі керек. Сондықтан Әсел ұлына әкесінің жақсы қасиеттерін айтып, қандай жағдай болса да, оның өміріндегі орнын жоққа шығармауға тырысатынын жеткізді.

"Мен ұлыма үнемі бір нәрсені айтамын: "Әкең қандай адам болса да, ол сенің әкең. Ол болмаса, сен де дүниеге келмес едің. Оның да жақсы қасиеттері бар". Балама әкесі туралы жақсы нәрселерді айтуға тырысамын. Өз балаңа қарап, оны шын жүректен жақсы көргенде, бәлкім, оның әкесіне деген ризашылық сезімі де пайда болатын шығар", – деді Әсел Асқар.

Әңгімесінің соңында Әсел Асқар өзінің бұл ұстанымын адамгершілікке негізделген шешім деп санайтынын жасырмады.

Дегенмен блогер болашақта ұлы әкесімен жақын араласа бастаса, өзінің қандай сезімде болатынын нақты білмейтінін мойындады.

"Мен мұны өз тарапымнан өте кеңпейілдік деп есептеймін. Әдетте мұндай нәрселерді дауыстап айтпайды. Мүмкін, қазір осылай сөйлеп отырған шығармын, өйткені мұндай жағдаймен әлі бетпе-бет келген жоқпын. Бәлкім, ертең қызғанатын шығармын, ішімде реніш пайда болар. Мен де тірі адаммын ғой. Бірақ дәл қазір не сезінетінімді және ұлыма қандай тәрбие беріп жатқанымды айтып отырмын", – деді блогер.

Ол сөзінің соңында әзіл араластырып:

"Сондықтан мені мақтауларыңызға болады", – деп түйіндеді.

Осылайша Әсел Асқар бұрынғы күйеуі баласының тәрбиесіне араласпаса да, ұлының туған әкесіне деген өкпе-ренішпен өскенін қаламайтынын жеткізді. Блогер үшін ең маңыздысы – баласының психологиялық саулығы мен есейген кезде әкесімен қарым-қатынас орнату туралы шешімді өз бетінше қабылдауы.

Әсел Асқар кім?

Әсел Асқар – қазақстандық актриса, тележүргізуші және блогер. Ол 1991 жылы 10 шілдеде дүниеге келген. Танымал әнші Бүркіттің (Айбек Жансейітов) жиені.

Өнер жолын тележобалар мен бейнебаяндарға түсуден бастаған Әсел Асқар кейін кино саласына бет бұрды. Ол "Той любой ценой", "Самая красивая", "Розыгрыш по-казахски" фильмдерінде ойнаған. Сондай-ақ "Күзде келген көктем", "Лай", "Гәп" және "Кімге керексің?" жобаларына қатысқан.

Актриса әлеуметтік желіде де белсенді. Ол оқырмандарымен жеке өмірі, бала тәрбиесі, отбасылық қарым-қатынас және қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ой бөлісіп тұрады.

Әсел Асқар екі рет тұрмыс құрған. 2022 жылы актриса сәбиінен айырылғанын хабарлаған болатын. Кейін ол басынан өткен ауыр кезең туралы бірнеше рет ашық әңгімеледі.

Источник: Malim · Мадина Ізекен