«Ұят қалмады ма?»: Мақпал Исабекованың видеосы желіде қызу талқыланды

07.10.2026 17:25 · Персонально

«Ұят қалмады ма?»: Мақпал Исабекованың видеосы желіде қызу талқыланды

Қазақстандық әнші Мақпал Исабекованың шетелдегі демалысынан жариялаған видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары өнер иесінің образына қатысты екіге жарылды, деп хабарлайды Malim.kz.

"SuperStar KZ" жобасынан кейін кеңінен танылған әнші 6 қазанда Instagram парақшасында бассейнде түсірілген видеосын жариялаған. Мақпал Исабекова жазбасына "Керемет сәт" деген қысқа ғана сипаттама қалдырған.

Видеода әнші демалыстағы сәттерін көрсетіп, дене бітімін көпшілік назарына ұсынған. Жарияланым желіге шыққаннан кейін оқырмандар түрлі пікір білдіре бастады.

Бір топ желі қолданушысы әншінің сырт келбетін жоғары бағалап, мұндай нәтижеге тұрақты жаттығу мен еңбектің арқасында жетуге болатынын жазған.

"Керемет дене бітімі. Адамның еңбектеніп, армандаған нәтижесіне жеткені ұнайды”, “Сіз кереметсіз! Үлкен еңбек атқарғаныңыз көрініп тұр", – деп пікір қалдырған олар.

Дегенмен өнер иесінің видеосын құптамағандар да табылды. Кейбір оқырман көпшілікке мұндай ашық кадрларды жариялауды орынсыз деп санап, әншіні сынға алған. Тіпті пікірлер арасында "Ұят қалмады ма?" деп жазғандар болған.

Сондай-ақ кейбір қолданушылар Мақпал Исабекованың ана екенін алға тартып, оның әлеуметтік желідегі образына қатысты сын айтқан. Осылайша әншінің демалыстан жариялаған бір видеосы желі қолданушылары арасында қарама-қайшы пікір туғызды.

Мақпал Исабекова кім?

Мақпал Исабекова – қазақстандық эстрада әншісі, актриса және тележүргізуші. Ол 1984 жылы 21 ақпанда Жаркент қаласында дүниеге келген. Өнер иесі көпшілікке 2003-2004 жылдары өткен "SuperStar KZ" музыкалық жобасына қатысуы арқылы кеңінен танылды.

Жобадан кейін Мақпал Исабекова жеке шығармашылық жолын бастап, "Аяла мені", "Мен жайлы", "Была ли любовь" секілді әндерімен танымал болды. 2005 жылы Юрмалада өткен "Новая волна" халықаралық байқауына қатысып, көрермен көзайымы жүлдесін иеленді. Сонымен қатар ол кино саласында да өзін сынап, бірнеше фильмде рөл сомдаған.

Әнші Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қаржы-экономика факультетін тәмамдаған, кейін ГИТИС-тің эстрада өнері факультетінде білім алған.

Источник: Malim · Алуа Әшірбекова