«Бөлек тұрған дұрыс»: Меруерт Өтекешова жас отбасыларға кеңес берді

05.10.2026 13:05 · Персонально

«Бөлек тұрған дұрыс»: Меруерт Өтекешова жас отбасыларға кеңес берді

Белгілі актриса Меруерт Өтекешова жас отбасылардың ата-анамен бірге тұруы туралы ойын айтып, ерлі-зайыптыларға мүмкіндігінше жеке шаңырақ болғаны дұрыс екенін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz. 

Өнер иесінің сөзінше, бұрынғы кезең мен қазіргі уақытты салыстыруға келмейді. Ол өзі кезінде ата-енесімен он жыл бірге тұрғанын еске алды.

"Баяғыда біз басқа, қыздар да басқа болған. Өмір басқаша еді. Ата-енем менімен 10 жыл бірге тұрды. Өте үлкен кісілер болатын", – деді актриса.

Дегенмен Меруерт Өтекешова бүгінгі жастар үшін бөлек тұру тиімді деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі буын мен үлкендердің өмірге деген көзқарасы мен ойлау жүйесінде айырмашылық бар.

"Менің қазір айтатыным – шынымды айтсам, бөлек тұру керек. Басында мүмкін бірге тұрар, ал жалпы бөлек тұрған дұрыс. Қазір өмір басқа, ойлар да басқа. Үлкен кісілердің де, жастардың да ойы бөлек", – деді ол.

Актрисаның бұл пікірі қазақ қоғамында жиі талқыланатын "жас отбасы ата-анамен бірге тұруы керек пе, әлде жеке шыққаны дұрыс па?" деген мәселені тағы да күн тәртібіне шығарды.

Меруерт Өтекешова кім?

Меруерт Өтекешова – қазақ театр және кино өнерінің белгілі актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Көпшілік оны Сұлтан Қожықов түсірген әйгілі "Қыз Жібек" фильміндегі Жібек рөлі арқылы жақсы таниды. Бұл рөлге ол небәрі 16 жасында таңдалған. 

1973 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институтының театр факультетін Хадиша Бөкееваның класында тәмамдаған. Кейін М.Әуезов атындағы театр сахнасында "Қарагөз", "Еңлік-Кебек", "Әпке" және өзге де көптеген қойылымдарда өнер көрсетті. 

Меруерт Өтекешова ұзақ жылдар бойы "Қыз Жібек" фильміндегі Төлеген рөлін сомдаған актер Құман Тастанбекпен отбасын құрды. Бұған дейінгі сұхбаттарында ол ата-анасымен де, кейін ата-енесімен де бірге тұрғанын және отбасындағы үлкенді сыйлау тәрбиесіне ерекше мән бергенін айтқан. 

Источник: Malim · Алуа Әшірбекова