Әлеуметтік желіде Бағдагүл емші есімімен танылған әйел Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол ұйымдастырушыларды сынап, көпшілік жиналатын іс-шараларда көрермендердің қауіпсіздігіне баса мән беру керектігін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдагүл Instagram парақшасында жариялаған видеосында концертке билет сатып алған адамдарға тиісті жағдай жасалуы қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ мәдениет саласына жауапты тұлғаларға сұрақ қойып, адам өмірі мен денсаулығына немқұрайды қарауға болмайтынын атап өтті.
"Халықтың тағдыры сіздерге ойыншық па? Бір қыз реанимацияға түсті. Ол қыздың өмірі ойыншық па сендерге? Әр адам ақша төлеп кірді, тегін кірген жоқ. Ақша төлеп кірді ме, оның орнын белгілеп, тауып беруіңіз керек. Түсінікті ме сізге, Гүлзира ханым? Сіздер халықты олай басынбаңыздар", – деді ол.
Видеода Бағдагүл концертке жиналған көрермендердің саны туралы айтылған мәліметтерге де күмән келтіріп, мұндай ауқымды шара өткізу кезінде алаңның сыйымдылығын ескеру қажет екенін айтты. Ол тәртіп пен жауапкершілік талаптары концерт ұйымдастырушыларына да бірдей қолданылуы тиіс деп есептейді.
"Қазақстанда тәртіп орнатасыздар ма? Қарапайым халыққа ғана емес, осындай кісілерді бірінші тәртіпке салу керек. Халықтың денсаулығы сіздерге ойыншық емес", – деді Бағдагүл.
Жазбасында ол оқиғаға жол берген жауапты тұлғалардың әрекетін тексеруді талап етті. Сонымен бірге мұндай жағдайға жол берген әншілердің сахнаға шығуына бір жылдан үш жылға дейін шектеу қоюды ұсынды. Бұл –Бағдагүлдің жеке ұсынысы.
Шымкенттегі концертте не болды?
10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртастың шығармашылық жолының 20 жылдығына арналған "Сахнада 20 жыл" концерті өтті. Көрермендер кіріп жатқан кезде адамдар қысылып қалып, сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың бірі – 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді.
Шымкент полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, сатылған билеттер саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Соның салдарынан адамдар шамадан тыс жиналып, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төнген.
Қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция әлеуметтік желілерде тараған адам өлімі туралы ақпаратты жоққа шығарды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Бағдагүл видеосында зардап шеккен қыздың реанимацияға түскенін айтқанымен, жоғарыда келтірілген полиция мәліметінде оның ауруханаға жеткізілгені ғана көрсетілген.
Қайрат Нұртас кім?
Қайрат Нұртас – қазақстандық эстрада әншісі, актер әрі продюсер. Толық аты-жөні – Қайрат Нұртасұлы Айдарбеков. Ол 1989 жылғы 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Шымкентте өткен.
Өнерге жастайынан қызыққан Қайрат сахнаға бала кезінде шыға бастаған. Кейін музыкалық білім алып, әншілікті кәсіби жолға айналдырды. Оның көпшілікке кеңінен танылуына 2008 жылы Алматыда өткен жеке концерті ықпал етті. Содан бері еліміздің түрлі қаласында концерт беріп, репертуарын жаңа әндермен толықтырып келеді.
Әншінің шығармашылығында махаббат, сағыныш, отбасы және туған жер тақырыптары басым. "Арман", «Ауырмайды жүрек", "Алматы түні" секілді әндері тыңдарманға кеңінен таныс. Ол жеке орындаумен қатар, өзге өнер иелерімен дуэттер жазып, музыкалық жобаларға қатысқан.
Қайраттың шығармашылық жолында анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекованың орны ерекше. Ол ұлының концерттерін ұйымдастыруға, өнердегі бағытын қалыптастыруға және тыңдарманға танылуына атсалысқан.
Қайрат Нұртас кино саласында да бағын сынады. 2013 жылы оның өмірі мен өнер жолына негізделген "Өкініш" фильмі жарық көрді. Сондай-ақ ол жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімовамен бірге "Арман. Когда ангелы спят" фильмінде басты рөлдерді сомдады.
Әншінің жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова – актриса. Олардың төрт баласы бар. Өнер иесінің шығармашылығымен қатар, отбасы мен жеке өмірі де көпшіліктің назарында.
Источник: Malim · Алуа Әшірбекова

