Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

12.10.2026 10:03 · Правда

Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильдамен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Орталық Азияға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Бельгия Королі мен Патшайымына ілтипат білдірді.

"Осы тарихи сәтте Сіздермен жүздесіп, мемлекеттеріміз арасындағы берік достықты атап өту – мен үшін зор мәртебе. Аса мәртебелі Король Филипп, халқыңызға қалтқысыз қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз Корольдік билігіне келгелі еліңіз өркендеп, әлемдік аренадағы лайықты орнын бекіте түсті. Халқыңызға адалдығыңыз және Бельгияны мекендейтін түрлі қауымдар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз Тәждің ел бірлігін сақтаудағы рөлін айқындай түседі. Біз де "Бірлігіміз – әралуандықта" деген қағидатқа айрықша мән береміз. Әрбір азаматтың келешегімізге атсалысқанын қалаймыз. Көп жылдан бері кәсіпкерлікті, білім мен инновацияны дамытуға ерекше күш салып келесіз. Бұл – шын мәнінде үлгі тұтарлық ізгі істер. Король әулетінің Бельгия бизнесіне ұдайы қолдау көрсетуі шексіз құрметке лайық. Аса мәртебелі Патшайым Матильда, Сіз бұл сапардың мән-мазмұнын арттырып, шырайын келтірдіңіз. Сіздің балаларды қорғау, білім беру, адамның қадір-қасиетін құрметтеу мәселелеріне келгенде, ерекше жанашырлығыңыз бен қамқорлығыңызға тәнтіміз. Бұл игі мұраттар азаматтарымызды шын мәнінде сүйсінтеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Бельгияны Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті.

"Келесі жылы мемлекеттеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Сапарыңыз осы айтулы меженің дайындығына тың серпін береді және ынтымақтастығымызды нақты нәтижелермен толықтыра түседі. Бельгия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарына кіреді. Сонымен қатар еліңіз Қазақстан экономикасына қаржы құйған ең ірі он инвестордың бірі саналады. Мұны Қазақстан экономикасының келешегіне деген сенімнің айқын көрінісі деп бағалаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы екі елдің көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастығын кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін айтты.

"Сізбен бірге келген мемлекеттік органдардың, өңірлік билік пен іскер топтардың өкілдеріне, танымал ғалымдар мен журналистерге ілтипат білдіремін. Ертең Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын өткіземіз. Бұл бастаманың мүмкіндіктерімізді іске асырып, орнықты нәтижеге қол жеткізетін тиімді алаңға айналғаны қуантады. Сондай-ақ Бельгиямен Еуропалық одақ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз. Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде сенім, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарын арқау еткен іскерлік байланыстардың маңызы арта түседі. Қарым-қатынасымыздың зор әлеуетіне сенемін. Сапар аясындағы уағдаластықтарды толық іске асыруға барынша күш саламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Король Филипп қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, бұған дейін тақ мұрагері ретінде елімізге жасаған сапарларын еске алды.

"Сіздің басшылығыңызбен еліңіз дамудың даңғыл жолына түскеніне ерекше әсерлендік. Сапар кезінде танысу жоспарланған жасанды интеллект, энергетика, атом энергиясы салалары екі ел үшін өте маңызды. Ғалымдардың дөңгелек үстелдегі пікірталасына куә боламыз. Бізбен бірге университеттердің ректорларынан, компания өкілдерінен тұратын үлкен делегация келді, – деді Король Филипп.

Келіссөз барысында екі елдің ресми делегация мүшелері де сөз сөйледі.

Кездесу соңында тараптар көптеген бастама көтерілгеніне ризашылық білдіріп, практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін растады.

Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина